Күйіктер - әрқашан өте жағымсыз, кейде өлімге әкелетін жағдай. Күйікті әр түрлі жолмен алуға болады: ашық отпен, қызып тұрған заттармен, қайнаған сумен. Өкінішке орай, күйік бөліміндегі науқастардың жартысына жуығы - балалар. Олар көбінесе ыстық шай немесе сорпа бар тостағанды өздеріне аударып алады, өз бетінше шәйнектен су құюды үйренгісі келеді, ал тіпті кішкентай балалар көбіне қайнаған суы бар саптыаяқ тұрған дастарханды өздеріне тартып қалады.
Жақынырақ танысайық
Күйіктің бірнеше дәрежесі бар:
1 дәрежесі терінің қызаруымен сипатталады;
2 дәреже күйік орнында «көпіршіктердің» пайда болуымен сипатталады;
3 дәреже терінің және бұлшықет тінінің терең зақымдануын білдіреді. Мұндай күйік терең қызыл-көкшіл жараға ұқсайды.
4 дәреже күйік аймағындағы тіндер мен жүйке жасушаларының 100% дерлік зақымдалуымен сипатталады.
3-ші дәрежеден бастап, тіндерді ауыстырып орналастыру қажет болуы мүмкін. 3 немесе 4 дәрежелі қайнаған сумен күйіп қалған нәресте өте қатты ауыруды сезінуі және шок жағдайда болуы немесе есінен танып қалуы мүмкін.
Не істеу керек?
1, 2 дәрежелі күйік:
Біріншіден, қайнаған суға төгілген киімді шешіп алу керек. Ыстық мата күйікті күшейтпеуі үшін, мұны тез және мұқият жасау керек. Күйген теріні және пайда болған көпіршіктерді сыдырып алмауға тырысыңыз. Егер киім тар болса, оны қайшымен кескен дұрыс.
Екіншіден, зардап шеккен аймақты шұғыл түрде салқындатыңыз. Мысалы, бір кәстрөлге мұзды су құйып, күйген қолды немесе аяқты 10-15 минутқа салыңыз. Айтпақшы, күйікке шалынған аяқ-қолдарды жоғары көтерген дұрыс - осылайша ісіну аз болады. Егер іш күйіп қалса - душтан суық су құю керек. Көпіршіктер жарылып кетпес үшін су қысымы аз болуы тиіс.
Терінің температурасы «тегістелгеннен» кейін, көптеген адамдар күйікті маймен немесе креммен қате майлайды – осылайша жағдайды нашарлата түседі. Стерильді, құрғақ таңғышты қолданған дұрыс. Күйіктерді тазалау үшін спирт, йод және майды қолданбаңыз! Бұл баланың жағдайын нашарлата түседі.
3, 4 дәрежелі күйік
Жараға жабысқан киімді сыдырып алуға тырыспаңыз, таңғышты өз бетіңізше қолдануға немесе жараны спиртпен тазалауға тырыспаңыз - сіздің балаңыз шок күйінде, сондықтан шұғыл түрде дәрігерді шақыртыңыз! Дәрігер келем дегенше, күйген жерді таза, дымқыл шүберекпен жабыңыз.
Сонымен, шұғыл түрде дәрігерге барыңыз,
• егер күйік аймағы алақаннан (баланың, сіздікі емес!) үлкен болса,
• егер ол 3 ші және 4 ші дәрежелі күйік түрінде болса,
• егер нәресте бетін, кеудесін, жыныс мүшелерін күйдірсе,
• егер көпіршіктер жарылып, инфекция жараға енуі мүмкін болса.
Күйікті емдеу.
Сәтін салды, бала ауруханаға түскен жоқ. Енді күйіктерге не істеуге болады, баланың ауырсынуын қалай жеңілдетуге болады және жараның инфекциясын болдырмау туралы ойланатын уақыт.
Сонымен, тері салқындап, күйік түсе бастады, көпіршіктер мезгіл-мезгіл жарылып, жараның беті «суланып», сарысу шығара бастайды. Қазір зақымдалған тіндерді тез қалпына келтіру және инфекцияның жараға енуіне жол бермеу маңызды. Ол үшін Сульфаргин жақпамайын қолдану керек: ол жазылу процесін тездетеді және күміс иондарының арқасында бактериялардан қорғайды. Жақпамайды зақымдалған жерге жұқа қабатпен жағу керек. Оны таңғыштың астына қолдануға болады, бірақ «суланған» жара болған жағдайда, оны қолданудың ашық әдісін де қолдануға болады.
Есіңізде болсын, балалық шақта стресстік жағдайлардағы мінез-құлық алгоритмдері қалыптасады. Баланың физикалық денсаулығы ғана емес, сонымен бірге оның қауіпті жағдайларға деген көзқарасы да сіздің әрекеттеріңіздің дұрыстығына байланысты.